Quick Access


Bu Dergi DOI ve Crosscheck üyesidir


Summary


Қанатты Сөздер Табиғаты Және Асқар Сүлейменовтің «Шашылып Түскен Тіркестері»

Мақалада жазушы, драматург, аудармашы Асқар Сүлейменовтің шығармаларындағы қанатты сөздердің көркемдік ерекшеліктері, құрылымы мен ой қуаттылығы қарастырылады. Қанатты сөздердің, ең алдымен, әдеби жанр екендігін мойындай отырып, олардың ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтелдермен құрылымы жөнінен ұқсастығы болғанмен, қай жағынан да аясы кеңірек. Негізгі энциклопедиялық жинақтарда қанатты сөздерге, немесе, афоризмдерге апофегмаларды, максималарды, сентенцияларды жатқызамыз. Бұл сөздердің ортақ ерекшеліктеріне: ақиқатқа ұмтылған терең ойы, көлемінің қысқалығы, қосымша түсініктемені қажет етпейтіндей, аяқталған ой екендігі, айтылған ойдың анықтығы, дәлдігі, сыртқы көркемдігі, эстетикалық тартымдылығы жатады. Нақылдардан, мақалдардан қанатты сөздер түр пішінімен, шығу тегімен ажыратылады. Мақалада афоризмдердің эпиграммадан, парадокстан, эсседен өзіндік ерекшеліктері қарастырылады. Қанатты сөз авторларының басты мақсаты – ақиқатқа жеткісі келетін терең ой, күрделі мәселені айта отырып, өз көзқарасы бойынша адамдарға ең дұрыс жолды жеткізгісі келуі. Қанатты сөздер көптеген деректер мен сана-сезімнің синтезінен туады және оны тұжырым, ереже, ұстаным, қорытынды деп санауға болады. Яғни көлемді ойдың сығындысы, квинтэссенциясы. Ықшамдылық қанатты сөздің ең байыпты өзгешілігі әрі бұл ерекшеліктер оқушыға ойда жақсы жатталынып қалатындай әсер етеді. Ойдың аяқталғандығы қанатты сөздердің дербес тіршілік ете алатындығын көрсетеді. Бейнелілік, кемелділік, ұшқыр ой, нақтылық — оқырманды өзіне тартатын қанатты сөздің қасиеті. Зерттеуде әдебиет теориясына афоризмдерді алғаш ғылыми түрде сипаттап, түсіндіріп, айналымға кіргізген, өз кезеңінде-ақ (ХҮІІ ғасыр) қоғамның рухани емшісіне айналған испан философы, әдеби теоретик, мифологияның білгірі Бальтасар Грасианның «Қалта оракулы» еңбегіне сілтемелер жасалынады. Сонымен қатар, мақалада, теориялық тұжырымдардың анықтамасына, белгілі қазақ жазушыларының қанатты сөздері, олардың ішінде жазушы, драматург, аудармашы Асқар Сүлейменовтің «Шашылып түскен тіркестері» негізге алынып отырады. Сөз, сөйлем, стиль, драма т.б. әдебиет терминдеріне өзіндік түсініктемелерін берген жазушының сан тақырыпты қозғайтын қанатты сөздері халық арасына кеңінен тап кеткен. «Сөйлемнiң жазатын өмiрi бар да, сөйлемнiң өз өмiрi бар. Жазарман сөйлемдi тiрi шөптi таптағандай таптайды. Сөйлемнiң тән екенi, оның сан тарау тамырлары, капилляр-тамыршалары бары ұмыт қалады. Абзацқа, тарауға, бүкiл кiтапқа қызмет ететiн сөйлемнiң автономды өмiр кешерiн ұмытады. Шығарманың бiр аты – ырғағы ыңқылдаған, бояуы кемпiрқосақ боп көрiнер, күмiс ойы түпке тартар сөйлем ғана. Жазарман емес жазушы үшiн қиынға түсерi: сөйлемдегi өмiр мен сөйлемнiң өмiрiн жымын бiлдiрмей өру. Сөйлемдегi өмiр мен сөйлемнiң өмiрi бiрiкпегесiн тiрi тiркес тумайды. Өмiрдiң тамыр солқылы мен сөйлемнiң тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады» сынды талғампаз суреткердің талғамды ойлары мақалада кеңінен пайдаланылды.



Keywords
Қазақ қанатты сөздері, драматург

References

Advanced Search


Announcements


Address :Russian Science Academy Mahaçkala / Russian Federation
Telephone : Fax :
Email :ssssjournal@gmail.com

Web Yazılım & Programlama Han Yazılım Bilişim Hizmetleri